Қазақстандық актриса әрі блогер Айым Сейтметова әлеуметтік желідегі парақшасында Талғатпен ажырасып кеткенін жариялады, деп хабарлайды sadaq.kz.
Өнер иесі жазбасында олардың бірге өткізген жылдарында көп жақсы сәт болғанын атап өтті. Сондай-ақ бұл некеден туған қыздары бар екенін айтты.
«Біз Талғат екеуміз ажырастық. Бұл сөздің артында өміріміздің үлкен кезеңі тұр. Оның ішінде өте көп жақсы дүние болды, отбасы болды және ең бастысы – бізді мәңгі байланыстыратын қызымыз бар», – деп жазды Айым Сейтметова.
Актриса қарым-қатынасты жалғастыруды өзі үшін мүмкін етпеген жағдайлар болғанын жеткізді. Алайда оның егжей-тегжейін жария еткісі келмейтінін айтты.
«Кейбір дүниелер екі ересек адамның арасында қалуы керек», – деді ол.
Айым Сейтметова қазір бұрынғы жұбайымен бір-біріне деген сыйластықты сақтап қалу маңызды екенін атап өтті.
Оның сөзінше, олар енді ерлі-зайыпты болмаса да, қыздарының ата-анасы болып қала береді.
«Мен оның ата-анасының екеуінің де махаббатын сезініп өскенін қалаймын, біздің ересек адамдар ретінде қабылдаған шешімдеріміздің салдарын көргенін емес», – деп жазды блогер.
Сондай-ақ ол оқырмандарынан ажырасуға қатысты түрлі болжам жасап, тараптардың ешқайсысына шабуыл жасамауды сұрады.
«Бұл шешім маған оңайға соққан жоқ, бірақ ол қабылданды. Ал енді әрқайсымыздың өмірімізде жаңа тарау басталады», – деп түйіндеді Айым Сейтметова.

Comments
Nothing yet. Say the first thing.
Sign in to join the conversation.